Ербол Мырзабосыновқа Қысқы спорт түрлері бойынша олимпиадалық даярлау орталығы базасының үшінші кезеңіндегі нысандар құрылысының жобасы таныстырылды. Ақмола облысына жұмыс сапары аясында ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Қысқы спорт түрлері бойынша олимпиадалық даярлау орталығына барды. Ведомство басшысы ҚСТ ОДО нысандарының жұмысымен танысты, қазіргі уақытта Щучинск қаласында маңызды халықаралық старттарға дайындалып жатқан бокстан ұлттық құраманың мүшелерімен кездесті. Сондай-ақ, кездесуде құрылыс компаниясының өкілдері Орталық аумағында спорт нысандарының үшінші кезегі жобасының тұсаукесерін өткізді. Жаңа құрылыстар салудың мақсаты - қысқы олимпиадалық спорт түрлері бойынша ұлттық командалар үшін резервті сапалы дайындау, жас спортшылардың спорттық әлеуетін ашу үшін бірыңғай дене шынықтыру-білім беру кеңістігін құру. Құрылыстың үшінші кезеңінің жобасына ұшу қашықтығы 10-нан 65 метрге дейінгі шағын және орта трамплиндері бар оқу-жаттығу кешені, 300 орындық мектеп-интернат, екі мұз аренасы бар жабық хоккей корты және 504 адамға арналған қонақүй кешені кіреді. Спортты дамыту - бұл кәсіби спортшылардың жетістіктері ғана емес, сонымен қатар бүкіл ұлттың денсаулығы. Жаңа нысандардың құрылысы спорттық резервті дайындау үшін жағдайды едәуір жақсартуға, спортпен шұғылдануға көбірек балаларды тартуға, сондай-ақ қосымша жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді.